Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Березовкада балалардың талуы жалғасты

Дәрігер мен мұғалімдер талып қалған оқушы Любовь Воскобойды әкетіп барады. Березовка, Батыс Қазақстан облысы, 18 қыркүйек 2015 жыл.
Дәрігер мен мұғалімдер талып қалған оқушы Любовь Воскобойды әкетіп барады. Березовка, Батыс Қазақстан облысы, 18 қыркүйек 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында бүгін тағы бір оқушы - Любовь Воскобой сабақ кезінде есінен танып қалды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мектеп директоры оқушының талғанын видеоға түсіруге кедергі келтірген. Ата-аналар мен жергілікті дәрігерлердің сөзінше, соңғы екі аптада оқушылар арасында өзін нашар сезініп, шағымданғандар саны артқан.

Қарашығанақ кен орнынан бес километр жерде орналасқан Березовка ауылында 2014 жылдың қарашасында балалар жаппай улана бастаған. Экологиялық белсенділер балалардың улануына кен орнынан шыққан газ себеп дейді. Бірақ Қарашығанақ кен орнын игеруші компания мұнымен келіспейді. Билік өкілдері балалардың жаппай улануына мектептегі жылу қазандығындағы ақау себеп деп мәлімдеген.

Облыс прокуратурасы 20 оқушының улануына қатысты қылмыстық істі қарап жатыр.

Басқа да жаңалықтар

Ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай өмірден озды

Қазақ ақыны, драматург және сазгер Исраил Сапарбай
Қазақ ақыны, драматург және сазгер Исраил Сапарбай

18 шілде күні қазақ ақыны, драматург және сазгер Исраил Сапарбай 84 жасында Алматы маңындағы Қаскелеңдегі үйінде өмірден өтті. Бұл туралы бүгін жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Исарил Сапарбай 1941 жылғы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқан облысындағы Кушрабад ауданында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң көп жыл түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен баспаларда, "Қазақфильм" телестудиясында жұмыс істеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде қызмет атқарған.

Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жамбаев атындағы сыйлықтардың, "Платиналы Тарлан" жүлдесінің лауреаты атанған.

Көптеген ән мен өлең жазған ақын, сазгердің "Аққу арман", "Жүрегіме ұя салған қарлығаш", "Қызыл жел" және тағы басқа жинақтары жарық көрген. Оның "Ауылдан келген ару", "Махаббат мейрамы", "Абай-Тоғжан", "Сыған серенадасы" сияқты драмалық шығармалары театр сахнасында қойылған.

Ұлыбритания ГРУ офицерлері мен ресейлік хакерлерге санкция салды

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.

Ұлыбритания жұма күні "Еуропаны тұрақсыздандыруға бағытталған кибершабуыл кампанияларын тұрақты ұйымдастырып жүрген" Ресей арнайы қызметінің өкілдері, хакерлер мен ұйымдарға санкция салды. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі мәлімдемесіне қарағанда, санкция ресейлік әскери барлау басқармасының (ГРУ) үш бөлімі мен оның 18 офицеріне салынған. Арасында Лондон Украинадағы соғыс барысында Мариупольға соққы жасады деп санайтын, сонымен бірге бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия 2018 жылы "Новичокпен" уланбай тұрып, оларды аңдыды делінген офицерлер де бар.

"ГРУ Еуропаны тұрақсыздандыру, Украинаның егемендігіне нұқсан келтіру және британ азаматтарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін науқан жүргізіп жатыр" деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.

Британ билігінің мәліметінше, Ресей сонымен бірге ақпарат құралдары мен телекоммуникация компаниялары, саяси және демократиялық институттарға, энергетика инфрақұрылымына кибершабуылдар жасаған.

Санкциядан бөлек, британ СІМ "Африкалық бастама" жобасының үш басшысына шектеу қойды. Британ билігінің айтуынша, олар Батыс Африка елдерінде ақпараттық диверсияны жүзеге асыратын Ресейден қаржыландырылатын контенттер фабрикасын құрған.

Кейінгі айларда Ұлыбритания туындаған түрлі қауіп-қатер, соның ішінде Ресей мен ядролық және киберқауіпсіздікке қатысты қауіп-қатер де бар, қорғаныс мәселесін қайта қарап, әскери шығынды айтарлықтай арттырған.

Чехия президенті коммунизмді насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды

Чехия президенті Петр Павел
Чехия президенті Петр Павел

Чехия президенті Петр Павел коммунистік идеяларды насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды. Енді мұндай идеологияны қолдағандар 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп жазды Euractiv.

Жаңа норма адам құқығы мен бостандығын тұншықтыруға бағытталған қозғалысты құрушылар, қолдаушылар мен насихаттаушылар мен нәсілдік, тектік, діни, таптық алауыздық тудырушыларға қатысты. Коммунизм де осы тізімге енді. Чехияда мұндай тыйым бұған дейін нацизмді насихаттауға қатысты болған.

Заңнамаға өзгертулер енгізу туралы бастаманы чех ғалымдары көтерген, арасында тоталитарлық режимдерді зерттеу жөніндегі институт та бар. Олар Чехия тоталитарлық идеологияға қатысты құқықтық теңсіздікті жоюы керек деп санайды.

Еуропарламент депутаты Катержина Конечная жетекшілік ететін Чехия мен Моравияның коммунистік партиясы биліктің шешімін қатаң айыптады.

"Бұл оппозицияны қорқыту мен бізді заң шеңберінен шығарып тастауға бағытталған кезекті сәтсіз талпыныс" деді партия өкілдері.

Чехия мен Моравияның коммунистік партиясы чех парламентінде жоқ, бірақ "Жетті!" (Stačilo!) альянсына кіреді. Сауалнамаға сәйкес, аталған альянс қазандағы сайлауда 5 пайыздық межені еңсеруі мүмкін.

Жаңа заң компартияның жұмысына қалай әсер етеді – ол жағы әзірге, белгісіз.

«Әйелін қинап азаптады» деп айып тағылған бұрынғы дипломат Сәкен Мамаш 6 жыл түрмеге кесілді

Астана соты "әйелін қинап азаптады" деп айыпталған бұрынғы дипломат Сәкен Мамашты 6 жыл түрмеге кесті. Сот оны "Қинау" бабы (Қылмыстың кодекстің 110-шы бап, 2-бөлігі 1- тармағы) бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сот жәбірленуші тараптың өтінішімен жабық өтті. Сот кезінде экс-дипломат өзіне бұлтартпас жазасын өзгертіп, босатуды сұраған. Бірақ сот оны қамаудан босатпады.

Былтыр мамыр айында Карина Ғұсман әлеуметтік желіде он жыл бойы күйеуінен қорлық пен зорлық көріп келгенін мәлімдеген.

"Менің күйеуім – Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі – кеше мені және маған қонаққа келген туған әпкемді ұрып соқты. Мемлекетімізден көмек талап етемін", – деді ол әлеуметтік желіде жариялаған видеода.

Осы мәлімдемеден соң Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты БАӘ-ден елге шақыртып алды.

Биыл сәуір айында Сәкен Мамаш әйеліне жүйелі түрде қол жұмсаған деген айыппен қамауға алынғаны белгілі болды. Маусымда сот басталған.

Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойды

Ақорда
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойды. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заң бойынша қосымша құн салығы 12%-дан 16% артады. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке төмендетілген қосымша құн салығы енгізіледі: 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз.

Бұған қоса, Ақорданың хабарлауынша, "салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады". Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады, бірақ сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі.

"Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Ресми ақпарат бойынша, жаңа кодекспен жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі. Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады.

Ақорда хабарламасында байлыққа салынатын салық көлемі де айтылған.

"Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосымша құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланған. Одан кейін оның межесі 40 млн теңге болып белгіленді.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.

ЕО елдері Ресейге қарсы 18-санкциялар пакетін мақұлдады

ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері сөйлесіп тұр.
ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері сөйлесіп тұр.

Еуроодақ Ресейдің Украинаға ашқан соғысына байланысты Мәскеуге қарсы 18-санкциялар пакетін мақұлдады. Жаңа пакет бірінші кезекте, Ресейдің мұнай және энергетика саласына қосымша соққы жасауға бағытталған.

ЕО дипломаттарына сүйенген Reuters-дің жазуынша, санкция Ресей мұнайына баға шегін барреліне 47,6 доллар етіп белгілеуді қарастырады.

Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Калластың айтуынша, бұл пакет Украинада соғыс басталғалы бергі салынған ең қатаң санкциялардың бірі.

"ЕО қазір ғана Ресейге қарсы ең мықты санкция пакеттерінің бірін мақұлдады. Мәскеу үшін соғысты тоқтату жалғыз амал болатындай басқыншылықтың құнын арттыра береміз" деп жазды Каллас X желісінде.

Еуроодақ бұған дейін де Ресей экономикасының маңызды секторларына (банк секторы, сауда, технология, энергетика) шектеу шараларын енгізген. Жаңа санкция толқыны Кремльдің негізгі кірістерінің бірі - мұнай экспортына қысымды үдетеді.

Баға шегін төмендету туралы шешімге ЕО елдері ұзақ талқылаулардан кейін келген. Сарапшылардың пікірінше, бұл Ресейдің шикізат экспортынан түсетін кірісіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Осыған дейін Братислава Брюссельден Ресей газын Еуроодақ елдеріне жеткізуге толық тыйым салудан болуы ықтимал залалды өтеуге кепілдік беруін талап етіп, санкцияны қуаттамаған. Билік елде отын тапшылығы туындап, қымбатшылық өрістеуі мүмкін және "Газпром" шағым түсіруі ықтимал деп қауіптенген. Ақпаратқа қарағанда, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйенмен газ бағасына қатысты келісімге қол жеткізген.

Словакиядан бөлек, жаңа санкциялар пакетіне Мальта, Грекия мен Кипр қарсы шыққан. Олар Ресей мұнайына баға шегін белгілеуге қарсы болған.

Дәрігерлерге шабуылдан кейін ауруханаларда күзет күшейтілетіні хабарланды

Ауруханалардың бірі.
Ауруханалардың бірі.

Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жиілегеннен кейін ауруханаларда күзет күшейтілетіні хабарланды.

Бір күн бұрын Қостанайда ауруханаға барған науқастардың бірі хирургты ұрып-соққан. Аурухана өкілдерінің айтуынша, облыс тұрғыны ота жасап жатқан хирургты күткен. Дәрігер келген кезде ер адам кезегін күтуден бас тартып, хирургқа жұдырық жұмсаған. Хирург есінен танып қалған. Ол реанимацияға ауыр жағдайда жеткізілген. Ізінше хирург медавиация ұшағымен Астанадағы медицина орталығына емдеуге ауыстырылатыны белгілі болды. Полиция "Қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Оның алдында 16 шілдеде Қарағандыда жеке медициналық орталықтардың бірінде ашулы ер адам медбикеге тап берген. Медбике жарақаттанған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, медициналық орталыққа әйелі мен балаларымен келген ер адам кабинетке кірмекші болған кезде "қызметтік мекеме" деп оны ол жаққа кіргізбей қойған. Видеода оның есікті күштеп ашып кіруге ұмтылғаны байқалады. Ал медбикелер оған кіруге бөгет жасайды. Ақыры ер адам есікті жұлқып ашқаннан кейін медикелердің біріне тап берген. Медбикенің анасы журналистерге ер адам қызын 20 минуттай ұрғанын, екі саусағын сындырғанын айтқан. Медбикенің миы шайқалған, шаштары жұлынған. Қазір оның ауруханада екені хабарланды. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

18 шілдеде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқиғаларға реакция білдіріп, азаматтарды дәрігерлерге агрессия көрсетуді тоқтатуға шақырды.

"Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы" деп жазды министр.

Оның сөзінше, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастыратын заңнамалық түзетулер биыл қыркүйекте парламентке енгізілмек.

"Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды. Барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс" деп жазды ол.

Қазақстанда кейінгі кезде дәрігерлерге шабуыл жиілеген. Маусымда Қарағандыда 38 жастағы тұрғын медицина қызметкерімен дауласып, екі дәрігерді ұрған. Күдікті ұсталып, қамалған. Наурызда Ақмола облысында жедел жәрдем фельдшеріне тап берген әйел сотталған. Сот әйелді 400 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеген.

Лұқпан Ахмедияров "Просто журналистика" арнасы өшірілгенін хабарлады

Тәуелсіз журналист, YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров.
Тәуелсіз журналист, YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров.

«Просто журналистика» арнасы Youtube-тан өшірілді деп хабарлады журналист Лұқпан Ахмедияров 18 шілде күні таңертең Facebook-та.

Оның сөзінше, бұған дейін де арнаға қарсы бағытталған кибершабуылдар болған. Осы жолы "қастық ойлағандар" арна қолданған Youtube-тің тегін музыкаларына авторлық құқықты өздеріне рәсімдеп, арнаға қарсы шағым жазған. Осылайша Youtube әкімшілігі арнаны өшірген.

«Бір қызығы «музыканың авторымыз-мыс» дегендер осыдан кейін Youtube-тан кеткен» деді журналист.

Журналист әзірге енді қандай қадам жасайтынын айтқан жоқ.

«Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.

Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.

Олар бірігіп Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.

Ахмедияров кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің иегері атанған.

Жетісу облысында әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Туыстары марқұмды азаптап өлтірген деп санайды

Күйеуі атпен сүйреп өлтірді делінген әйелдің денесіндегі жарақат. Суретті журналист Сандуғаш Дүйсенова желідегі парақшасында жариялады. Скриншот.
Күйеуі атпен сүйреп өлтірді делінген әйелдің денесіндегі жарақат. Суретті журналист Сандуғаш Дүйсенова желідегі парақшасында жариялады. Скриншот.

Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Журналист Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, қайғылы оқиға екі жасар қызының көзінше болған. 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты күйеуі күдікке ілінген. Ол бұрын Қапал ауылының әкімі қызметінен үміткер атанған.

Қаза болған әйелдің туыстарымен сөйлескен журналист Сандуғаш Дүйсенованың жазуынша, Айзат Жұманованың денесінен көптеген жарақат табылған, бас сүйегі зақымданған, денесінде сүйреген сияқты іздер қалған, шынтағының терісі сыпырылған. Туыстары оны атпен сүйреген деп болжайды. Күйеуі мал шаруашылығымен айналысады. Журналист парақшасында сурет те жариялады.

Полиция "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірақ туыстары істі "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

"Күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу полиция департаменті басшысының ерекше бақылауында" деп хабарлады жергілікті полицияның баспасөз қызметі.

Іс бойынша сот сараптамасы тағайындалған, барлық нұсқа және дәлелдер тексеріліп жатқаны хабарланды.

Осы жағдай туралы жазған журналист Сандуғаш Дүйсенова 17 шілдеде өзін полицияға шақырғанын хабарлады. "Мұны қалай түсінуге болады? Журналистердің аузын жапқысы келе ме?" деп жазды журналист Instagram желісінде.

Дуров Ресейде Telegram өкілдігін ашқанын жоққа шығарды

Павел Дуров
Павел Дуров

Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров Ресейде шетел компанияларын өкілдік ашуға міндеттейтін заң талаптарын орындап, компанияның кеңсесін ашқанын жоққа шығарды. Бұған дейін Ресей ақпарат құралдары Дуровтың компаниясы Ресейде өкілдік ашу процесін бастады деп хабарлаған.

Дуров телеграм-парақшасында шағын жазба жариялады. Ол 17 шілдеде өзінің алдыңғы жазбасына жауап ретінде "100%" деп жазып қойған. Алдыңғы жазбасында Telergam-ның Ресейден кеткені жөнінде фейк туралы айтылған. "Бәлкім, мәселе журналистердің кездейсоқ жасаған қатесі емес, Telegram-ның беделін түсіруге бағытталған мақсатты науқан жөнінде болып отырған шығар" деп жазған ол жазбасында Дуров.

Осы аптада бірқатар ресейлік БАҚ Telegram жеке кабинетін тіркеп, Роскомнадзор сайтында қайта байланыс нөмірлері жазылған электронды формасын орналастырғанын жазған.

Күндік аудиториясы 500 мыңнан асатын IT-компанияларын Ресейден өкілдік ашуға міндеттейтін заң 2022 жылы күшіне енген. Мұндай компаниялар Роскомнадзор порталында тіркеліп, ведомствоның сауалдарына жауап беріп отыруы керек, қолданушылармен де кері байланыс орнатуға тиіс.

Бастапқыда аталған заңның талаптары 13 компанияға қатысы болғаны хабарланған, арасында Apple, Google, TikTok, Zoom бар. Кейбірі мысалы, Apple мен AliExpress талаптарды орындаған. Google, TikTok және Zoom жартылай орындаған.

Telegram-ға Ресей заңының талаптарын орындамағаны үшін бірнеше рет айыппұл салынған. Шілдеде Мәскеудің Таган соты компанияға "тыйым салынған ақпаратты бұғаттамады", "бақылау бойынша талаптарды орындамағаны" үшін 7 млн рубль айыппұл салған.

Қазақстан СІМ-нің Азаттыққа аккредитация бермеуі: ведомство бітімнен бас тартты

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Азаттықтың 16 тілшісіне аккредитация бермей қойған Қазақстан сыртқы істер министрлігі бітімнен бас тартты. Бұл жөнінде 17 шілде күнгі бітім процедурасынан кейін Азаттықтың құқығын қорғаған адвокат Лилия Чаусова хабарлады. Бітім процедурасын судья-медиатор өткізген.

"Сыртқы істер министрлік өкілдерінен сот "мәселені бейбіт түрде реттеу мүмкіндігі бар ма?" деп сұраған кезде олар "жоқ, себебі өкілдікте істейтін журналистер ереже бұзғаны анықталды" деді" дейді Лилия Чаусова.

Оның сөзінше, СІМ жағынан сотқа екі өкіл қатысқан. Бітім процедурасы ұзақ созылмаған. Істі судья Алпысбаева қарады. Енді іс сот қарауына жөнелтіледі.

Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) сотқа арызданып, Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған еді. Заң бойынша, тараптарға сот басталмай тұрып бітімге келулеріне мүмкіндік беріледі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін жіберген жауабында "Азаттық қызметкерлері тиісті аккредиттеусіз жұмыс істеді" деп айыптаған еді. Бірақ Азаттық мұнымен келіспеген. Азаттық Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы бергенін, бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқанын айтқан еді.

Аккредитация ала алмаған қызметкерлер арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің, "Азаттық Азия" орыстілді редакциясының және "Настоящее время" телеарнасының тілшілері, редакторлары мен операторлары және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы да бар.

"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова министрлік өтінішті қарауды себепсіз ұзарту арқылы журналистердің құқықтары шектелетін жағдайды қолдан жасады деп отыр деп санайды.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бұл шешіміне алаңдаушылық білдірген.

Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеуді "Журналистерді қорғау комитеті" де айыптап,Қазақстан билігін тілшілердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған.

Былтыр қаңтарда да Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан еді.

Былтыр 30 қаңтарда Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа жүгінген. 30 сәуірде Азат Еуропа / Азаттық радиосы (АЕ/АР) мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі тілшілердің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келген. Бұдан соң Азаттық тілшілеріне 6 айға аккредитация берілген еді.

2024 жылғы 20 желтоқсанда шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу ережесі өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел ақпарат құралдары өкілдіктері аккредитациясы бұрынғыдай мерзімсіз емес, бес жылға беріледі. Шетелдік БАҚ тілшісінің ұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне алаңдаушылық білдірген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық ұйымдардың бағалау әдістері әртүрлі болатынын, елде еркін баспасөздің дамуына жағдай жасалғанын айтады.

АЭС референдумы қарсаңында ұсталғандар соты: белсенділер жауап бере бастады

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділердің бірі Жанат Қазақбай сотта. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділердің бірі Жанат Қазақбай сотта. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің соты жалғасып жатыр.

17 шілдеде белсенділерден жауап алына бастады. Алғашқы болып Жанат Қазақбай тыңдалды. Ол референдумда сайлаулардағыдай әділетсіздік болмас үшін референдумға дейін бақылаушыларды дайындау мақсатында кеңсе жалдағанын айтты. Ол АЭС-ке қарсы екенін, сол үшін тыныштық күніне дейін, яғни 2024 жылдың 4 қазанына дейін АЭС-тің зияны туралы үгіт-насихат жүргізбекші болғанын жеткізді.

Жанат Қазақбайдың сөзінше, оған тергеу мен айыптау тарабы жала жауып отыр. Айыптау актісінде жазылған сөздерді "мен айтқан жоқпын" деді.

Оның айтуынша, мемлекеттік айыптаушылар "белсенділер 2023 жылдан бері тәртіпсіздік жоспарлаған" деп айыптаған, бірақ олар ол кезде бір-бірін танымаған. Оның сөзінше, ол өзге айыпталушы Нұрлан Темірғалиевпен 2024 жылы сәуірде – қоғамдық бірлестіктердің бірін тіркемек болған кезде танысқан. Нұрлан Жауылбаев және Фазылжан Сыдықовпен журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты кезінде танысқан. Ал Айдар Мүбәраковты 2024 жылы 24 тамызда – Украинаның тәуелсіздік күні Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткіші маңында көрген.

Сот жалғасып жатыр.

Былтыр АЭС референдумы қарсаңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстаған. Олардың бесеуі: Айдар Мүбәраков, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев содан бері қамауда отырып келеді. Белсенділерге "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша айып тағылған. Қалған 7 белсендінің ісі қысқартылған.

Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.

Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.

АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтқан. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірген.

Тоқаев ҰҚК-ға қарасты жемқорлыққа қарсы қызмет туралы ережені бекітті

ҰҚК ғимараты
ҰҚК ғимараты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-ның қызметін жетілдіру туралы жарлыққа қол қойды. Құжатпен жемқорлыққа қарсы қызмет туралы ереже бекітілген. Бұл жөнінде мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі хабарлады. Құжатқа президент 14 шілдеде қол қойған. Ақпарат бүгін жарияланып отыр.

Ережеге сәйкес, жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу өкілеті берілген. Оның негізгі міндеттеріне жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру; сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүргізу; жемқорлық туралы ақпарат берген тұлғаларды қорғау; жемқорлық істері бойынша тәркіленген мүліктер ісімен айналысу; халықаралық келісім бойынша мемлекеттік органдармен және шетел әріптестерімен бірігіп қимылдау кіреді.

Бұған қоса, жаңа қызмет құқықбұзушылықтар туралы өтініштер қабылдап, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді, азаматтарға жемқорлық мәселесі бойынша кеңес береді, қызметтік мүлік, оқ-дәрі мен қорғаныш құралдарын сақтаумен айналысады.

ҰҚК-ға қосымша функция да жүктелген. Арасында аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету міндеттерін орындауға қатысу және бюджеттен қаржыландырылатын жабық әскери нысандардың тізімін бекіту де бар. Жарлық күшіне енген.

30 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған. Оның орнына ҰҚК құрамында коррупцияға қарсы қызмет деген жеке ведомство құрылған. Тоқаев бұл шешімді "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру" деп түсіндірген.

Антикордың функциясы мен өкілеттіктері түгелдей ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, яғни, заңға қайшы әрекеттер мен себептерін азайту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өтеді.

Сарапшылар мұндай қадамнан оң өзгерісті байқаса, кейбірі бір мекемеге тым көп өкілет беру "мемлекет ішіндегі мемлекет" сияқты құрылымның пайда болуына ықпал етеді деген қауіп айтқан.

"Журналистерді қорғау комитеті" Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптады

Азат Еуропа / Азаттық радиосының ғимараты. Прага, Чехия.
Азат Еуропа / Азаттық радиосының ғимараты. Прага, Чехия.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to protect journalists, CPJ) Азаттықтың 16 тілшісіне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптап, ресми Астананы тілшілерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырды.

"Біз Қазақстанның Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешімін айыптаймыз. Былтырғы Азат Еуропа/Азаттықтың 36 тілшісін аккредитациядан айыру жағдайы қайталанып отыр. Мұндай негізсіз қадам басылымды танымал және жоғары бағаланатын репортаждары үшін жазалау сияқты көрініп отыр. Қазақстан билігі дереу мұндай шешімнен бас тартып, Азаттық тілшілеріне еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Ұйым X-тегі (бұрынғы Twitter) парақшасында жариялаған жазбасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақорда мен Қазақстан сыртқы істер министрлігін белгілеген.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының 16 тілшісін аккредиттеуден бас тартқан. Ведомство жіберген жауабында "Азаттық қызметкерлері тиісті аккредиттеусіз жұмыс істеді" деп айыптаған. Бірақ Азаттық мұнымен келіспеген. Азаттық Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы берген. Бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқан еді.

Өткен аптада Азаттық 16 тілшісіне аккредитация беруден бас тартқаны үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Аккредитация ала алмаған қызметкерлер арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің, "Азаттық Азия" орыстілді редакциясының және "Настоящее время" телеарнасының тілшілері, редакторлары мен операторлары және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы да бар.

"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова министрлік өтінішті қарауды себепсіз ұзарту арқылы журналистердің құқықтары шектелетін жағдайды қолдан жасады деп отыр деп айтқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бұл шешіміне алаңдаушылық білдірген.

2024 жылғы қаңтарда да Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан еді. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген.

Былтыр 30 қаңтарда Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа жүгінген. 30 сәуірде Азат Еуропа / Азаттық радиосы (АЕ/АР) мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі тілшілердің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келген. Бұдан соң Азаттық тілшілеріне 6 айға аккредитация берілген еді.

2024 жылғы 20 желтоқсанда шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу ережесі өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел ақпарат құралдары өкілдіктері аккредитациясы бұрынғыдай мерзімсіз емес, бес жылға беріледі. Шетелдік БАҚ тілшісінің ұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне алаңдаушылық білдірген.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық ұйымдардың бағалау әдістері әртүрлі болатынын, елде еркін баспасөздің дамуына жағдай жасалғанын айтады.

Сирияның оңтүстігінде жағдай ушыққан шақта Израиль Дамаскідегі бас штабтың ғимаратына соққы жасады

Сирияның оңтүстігінде жағдай ушыққан шақта сәрсенбі күні Израиль Дамаскідегі сириялық бас штабтың ғимаратына дронмен соққы жасады. Израиль әскері Сириядағы аз ұлт - друздарды қорғау мақсатында үкімет әскеріне шабуылдағанын айтты.

Друздар мен бедуиндардың қақтығысы және ізінше сириялық әскердің шабуылынан 200-ден астам адам қаза болған.

Жуырда Сирия әскері елдің оңтүстігіндегі Эс-Сувейда қаласына кірген. Мұнда друздар мен бедуиндар қақтығысып қалған. Нәтижесінде Сирия ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 30-дан астам адам мерт болған, шамамен 100 адам жараланған. Әскер кіргізілгеннен кейін қаза болғандар 248 адамға жетті деп хабарлады адам құқығы жөніндегі сириялық бақылау тобы. Друздардың жетекшілерінің бірі шейх Хикмат әл-Хаджри Сирия үкіметін бейбітшілікті бұзды, қаланы бомбалады деп айыптады. Ал Сирия әскері атысқа тек жауап бергенін мәлімдеді.

Израиль әскері 14 шілдеде Сирия әскері орналасқан Эс-Сувейда ауданына соққы жасаған. Израиль әскері мәлімдемесінде «Израильдегі друз азаматтарымен терең бауырластық сезіміне» байланысты Сириядағы друздарды қорғау міндеті туралы айтқан.

Сәрсенбі күні Израиль әскері Израиль аннексиялап алған Голан жотасы мен Сирия арасындағы шекарадағы қақтығысқа араласты. Ақпаратқа қарағанда, ондаған друз Израиль бақылауындағы аумаққа өтуге ұмтылған, бір мезетте Голандағы друздар да Сирия билігінің әрекетіне наразылық білдіріп, қарама-қарсы жаққа өтпек болған.

Times of Israel жазуынша, аннексияланған аумақтан друздар Сирия жағына өтпес үшін Израиль әскері жас ағызатын газ пайдаланған.

Тағы

XS
SM
MD
LG