АЭС референдумы қарсаңында ұсталғандар соты: белсенділер жауап бере бастады

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділердің бірі Жанат Қазақбай сотта. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің соты жалғасып жатыр.

17 шілдеде белсенділерден жауап алына бастады. Алғашқы болып Жанат Қазақбай тыңдалды. Ол референдумда сайлаулардағыдай әділетсіздік болмас үшін референдумға дейін бақылаушыларды дайындау мақсатында кеңсе жалдағанын айтты. Ол АЭС-ке қарсы екенін, сол үшін тыныштық күніне дейін, яғни 2024 жылдың 4 қазанына дейін АЭС-тің зияны туралы үгіт-насихат жүргізбекші болғанын жеткізді.

Жанат Қазақбайдың сөзінше, оған тергеу мен айыптау тарабы жала жауып отыр. Айыптау актісінде жазылған сөздерді "мен айтқан жоқпын" деді.

Оның айтуынша, мемлекеттік айыптаушылар "белсенділер 2023 жылдан бері тәртіпсіздік жоспарлаған" деп айыптаған, бірақ олар ол кезде бір-бірін танымаған. Оның сөзінше, ол өзге айыпталушы Нұрлан Темірғалиевпен 2024 жылы сәуірде – қоғамдық бірлестіктердің бірін тіркемек болған кезде танысқан. Нұрлан Жауылбаев және Фазылжан Сыдықовпен журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты кезінде танысқан. Ал Айдар Мүбәраковты 2024 жылы 24 тамызда – Украинаның тәуелсіздік күні Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткіші маңында көрген.

Сот жалғасып жатыр.

Былтыр АЭС референдумы қарсаңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстаған. Олардың бесеуі: Айдар Мүбәраков, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев содан бері қамауда отырып келеді. Белсенділерге "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша айып тағылған. Қалған 7 белсендінің ісі қысқартылған.

Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.

Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.

АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтқан. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып бермекАЭС-ті "Росатом" салса не болады? Беларусь мысалыАЭС референдумы қарсаңында ұсталғандардың бірі Айдар Мүбәраков аштық жариялағанТоптап бюллетень салу видеосы бар, жауапқа тартылған ешкім жоқ. Прокуратура не айтты?Орталық Азия АЭС жобалары арқылы Ресейді "дипломатиялық құрсаудан" қалай шығарады?