Чехия президенті Петр Павел коммунистік идеяларды насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды. Енді мұндай идеологияны қолдағандар 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп жазды Euractiv.
Жаңа норма адам құқығы мен бостандығын тұншықтыруға бағытталған қозғалысты құрушылар, қолдаушылар мен насихаттаушылар мен нәсілдік, тектік, діни, таптық алауыздық тудырушыларға қатысты. Коммунизм де осы тізімге енді. Чехияда мұндай тыйым бұған дейін нацизмді насихаттауға қатысты болған.
Заңнамаға өзгертулер енгізу туралы бастаманы чех ғалымдары көтерген, арасында тоталитарлық режимдерді зерттеу жөніндегі институт та бар. Олар Чехия тоталитарлық идеологияға қатысты құқықтық теңсіздікті жоюы керек деп санайды.
Еуропарламент депутаты Катержина Конечная жетекшілік ететін Чехия мен Моравияның коммунистік партиясы биліктің шешімін қатаң айыптады.
"Бұл оппозицияны қорқыту мен бізді заң шеңберінен шығарып тастауға бағытталған кезекті сәтсіз талпыныс" деді партия өкілдері.
Чехия мен Моравияның коммунистік партиясы чех парламентінде жоқ, бірақ "Жетті!" (Stačilo!) альянсына кіреді. Сауалнамаға сәйкес, аталған альянс қазандағы сайлауда 5 пайыздық межені еңсеруі мүмкін.
Жаңа заң компартияның жұмысына қалай әсер етеді – ол жағы әзірге, белгісіз.