Дәрігерлерге шабуылдан кейін ауруханаларда күзет күшейтілетіні хабарланды

Ауруханалардың бірі.

Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жиілегеннен кейін ауруханаларда күзет күшейтілетіні хабарланды.

Бір күн бұрын Қостанайда ауруханаға барған науқастардың бірі хирургты ұрып-соққан. Аурухана өкілдерінің айтуынша, облыс тұрғыны ота жасап жатқан хирургты күткен. Дәрігер келген кезде ер адам кезегін күтуден бас тартып, хирургқа жұдырық жұмсаған. Хирург есінен танып қалған. Ол реанимацияға ауыр жағдайда жеткізілген. Ізінше хирург медавиация ұшағымен Астанадағы медицина орталығына емдеуге ауыстырылатыны белгілі болды. Полиция "Қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Оның алдында 16 шілдеде Қарағандыда жеке медициналық орталықтардың бірінде ашулы ер адам медбикеге тап берген. Медбике жарақаттанған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, медициналық орталыққа әйелі мен балаларымен келген ер адам кабинетке кірмекші болған кезде "қызметтік мекеме" деп оны ол жаққа кіргізбей қойған. Видеода оның есікті күштеп ашып кіруге ұмтылғаны байқалады. Ал медбикелер оған кіруге бөгет жасайды. Ақыры ер адам есікті жұлқып ашқаннан кейін медикелердің біріне тап берген. Медбикенің анасы журналистерге ер адам қызын 20 минуттай ұрғанын, екі саусағын сындырғанын айтқан. Медбикенің миы шайқалған, шаштары жұлынған. Қазір оның ауруханада екені хабарланды. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

18 шілдеде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқиғаларға реакция білдіріп, азаматтарды дәрігерлерге агрессия көрсетуді тоқтатуға шақырды.

"Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы" деп жазды министр.

Оның сөзінше, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастыратын заңнамалық түзетулер биыл қыркүйекте парламентке енгізілмек.

"Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды. Барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс" деп жазды ол.

Қазақстанда кейінгі кезде дәрігерлерге шабуыл жиілеген. Маусымда Қарағандыда 38 жастағы тұрғын медицина қызметкерімен дауласып, екі дәрігерді ұрған. Күдікті ұсталып, қамалған. Наурызда Ақмола облысында жедел жәрдем фельдшеріне тап берген әйел сотталған. Сот әйелді 400 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеген.