Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойды

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойды. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заң бойынша қосымша құн салығы 12%-дан 16% артады. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке төмендетілген қосымша құн салығы енгізіледі: 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз.

Бұған қоса, Ақорданың хабарлауынша, "салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады". Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады, бірақ сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі.

"Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Ресми ақпарат бойынша, жаңа кодекспен жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі. Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады.

Ақорда хабарламасында байлыққа салынатын салық көлемі де айтылған.

"Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосымша құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланған. Одан кейін оның межесі 40 млн теңге болып белгіленді.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.