Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Журналист Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, қайғылы оқиға екі жасар қызының көзінше болған. 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты күйеуі күдікке ілінген. Ол бұрын Қапал ауылының әкімі қызметінен үміткер атанған.
Қаза болған әйелдің туыстарымен сөйлескен журналист Сандуғаш Дүйсенованың жазуынша, Айзат Жұманованың денесінен көптеген жарақат табылған, бас сүйегі зақымданған, денесінде сүйреген сияқты іздер қалған, шынтағының терісі сыпырылған. Туыстары оны атпен сүйреген деп болжайды. Күйеуі мал шаруашылығымен айналысады. Журналист парақшасында сурет те жариялады.
Полиция "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірақ туыстары істі "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабына ауыстыруды талап етіп отыр.
"Күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу полиция департаменті басшысының ерекше бақылауында" деп хабарлады жергілікті полицияның баспасөз қызметі.
Іс бойынша сот сараптамасы тағайындалған, барлық нұсқа және дәлелдер тексеріліп жатқаны хабарланды.
Осы жағдай туралы жазған журналист Сандуғаш Дүйсенова 17 шілдеде өзін полицияға шақырғанын хабарлады. "Мұны қалай түсінуге болады? Журналистердің аузын жапқысы келе ме?" деп жазды журналист Instagram желісінде.